Астанадағы Есіл ауданының №2 соты "ҚазМұнайГаз Өнімдері" ЖШС-нің бұрынғы басшысы Қуандық Құлмұрзинды пара алғаны үшін кінәлі деп танып, оған 128,9 млн теңге көлемінде айыппұл салды, деп хабарлады Астана қалалық сотының баспасөз қызметі.
Қуандық Құлмұрзинға ҚР Қылмыстық кодексінің 2-бөлімі, 366 -бабы (елеулі мөлшерде пара алу) бойынша айып тағылды.
"Оған мемлекеттік қызметте, судья, жергілікті өзін - өзі басқару органдарында, Ұлттық банк пен оның ведомстволарында, Ұлттық басқарушы холдингтерде, мемлекеттік ұйымдар мен жарғылық капиталында мемлекеттің үлесі 50%-дан асатын ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырып, 128 980 760 теңге көлемінде айыппұл салынды", – деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.
"ҚМГ Өнімдері" бұрынғы топ-менеджері үкім заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде айыппұл төлеуге міндетті.
Еске сала кетсек, айыпталушы Шығыс Қазақстан облысындағы компания филиалының басшысынан 4,3 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған болатын. Кейін кепілге ақша қойып, босатылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның мәліметі бойынша , кепіл сомасы шамамен 5 млн теңгені құрады.
Қуандық Құлмырзин 2017 жылдың қазан айынан бастап "ҚазМұнайГаз Өнімдері" басқармасының төрағасы қызметін атқарған.