"ҚазМұнайГаз" орталық аппаратын қысқартып жатыр

1253

22 басқарушы директордың лауазымы жойылды.

"ҚазМұнайГаз" орталық аппаратын қысқартып жатыр

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша,  директорлар кеңесінің кешегі отырысында орталық аппаратты оңтайландыру мәселесі қаралған. Соның нәтижесінде жаңа ұйымдық құрылым бекітілген.

"Шешім компанияның қаржы жағдайын тұрақтандыру және нарықтық факторлардың жағымсыз ықпалын азайтуға бағытталған іс-шаралардың аясында қабылданды", – деп жазылған баспасөз мәліметінде.

Қысқарту орталық аппараттың кейбір бөлімдерін біріктіріп, кейбір басқарушы лауазымдарды жою, департаменттер санын азайту есебінен жүргізіліп отыр. Нақты айтсақ, геология, барлау және өндіріс бөліктері біріктіріліп, басқарма төрағасының геология және барлау жөніндегі орынбасарының қызметі қысқартылды. Сондай-ақ, 22 басқарушы директордың лауазымдары жойылып, орталық аппараттағы департаменттердің саны үш есе азайтылды.

"Орталықтың жаңа құрылымы жедел қимылдап, бизнеске тиетін дағдарыс салдарын барынша аз шығынмен еңсеру үшін тиімді шешімдер қабылдай алатындай болуға тиіс. Дағдарысқа қарсы стратегия аясында көптеген қызмет түрлерінен бас тартамыз және еншілес компаниялармен ықпалдастықтың тетіктерін қайта қарастыратын боламыз", – деді компанияның басқарма төрағасы Алик Айдарбаев.

Оның сөзінше, ҚМГ-да бизнес-процестер оңтайландырылып, дағдарыс салдарынан өзектілігін жоғалтқан көптеген жобалар мен іс-шаралар жоспары қайта қарастырылуда. Бұл қадам орталық аппараттағы қызметкерлердің штаттық санын 34%-ға (729-дан 480 адамға) дейін азайтуға түрткі болды. 

"ҚМГ басшылығы жұмысшылар мен олардың отбасы мүшелерінің алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін терең ұғына отырып, босатылған қызметкерлердің таңдауы бойынша қолдаудың бірнеше түрін көрсетпек. Атап айтқанда, біржолғы жәрдемақы төлеу немесе басқа жұмысқа тұру үшін рекрутингтік ұйымдардың қызметін ұсыну, не ҚМГ есебінен қайта оқытудан өту ұсынылады. Бұл шаралар "Самұрық-Қазына" қорының тапсырмасын орындау аясында дайындалды", – деп жазады компанияның баспасөз қызметі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу