Астанада "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов вьетнамдық Sovico Group компаниясының басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен кездесті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Былтыр тамыз айында мемлекет басшысының Вьетнамға ресми сапары барысында ҚМГ мен Sovico арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Аталған құжат геологиялық барлау, авиаотын жеткізу, сондай-ақ басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастық орнатуды көздейді.
"Кездесуде вьетнамдық Sovico Group компаниясының Qazaq Air авиакомпаниясын жекешелендіруі және халықаралық авиарейстерді жетілдіру жөніндегі жоспары ескеріліп, тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіру, карбонды кредит жобаларына қатысты ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды", – делінген компанияның Telegram-арнасында.
Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап талқыланған мәселелерді жете пысықтау үшін ҚазМұнайГаз бен Sovico арасында арнайы топ құруға келісті.