"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ жанармай-құю стансалар желісіне иелік еткен "ҚМГ-Retail" ЖШС компаниясындағы 100 пайыздық үлесін 60,5 млрд теңгеге сатты, деп хабарлайды компанияның Жұртшылықпен байланыс департаменті.
2018 жылғы 12 желтоқсанда мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталының сайтында "ҚМГ-Retail" ЖШС-ны сату бойынша электрондық сауда-саттық болып өтті. Сауда-саттық, оған қатысқан компаниялар, оның жеңімпазы туралы ақпарат және т.б. www.gosreestr.kz сайтында орналасқан.
2019 жылдың 8-ші ақпанында конкурс жеңімпазы "Petro-Retail" ЖШС мен "ҚМГ-Retail" ЖШС-нің 100 пайыздық үлесін сатып алу-сату шарты жасалды. Осы жылдың 1 сәуірнен бастап, ҚМГ еншілес компаниясы "ҚазМұнайГаз Өнімдері" ЖШС мен "ҚМГ-Retail" ЖШС арасындағы жанармай құю стансаларын жалға алу және пайдалану туралы келісім шарт күшін жойды. Сәйкесінше, 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап жанармай құю стансаларының жұмысын жүргізу "PetroRetail" ЖШС-ға өтті .
Активті сату кезінде жаңа иеленушіге қызметкерлердің жұмыс орнын сақтап қалу талабы қойылды. Оған сәйкес, жаңа меншік иесі ҚМГӨ және оның филиалдарының өндірістік персоналын түгелдей қазіргі шартпен кемінде алты айға жұмысқа қабылдауы керек. Сондай-ақ байқаудың талабы мен сатып алу-сату шартында көрсетілгендей "ҚазМұнайГаз" ЖМҚС желісінің саудалық атауы 2019 жылдың соңына дейін қолданыста болады.