ҚазМұнайГаз және Chevron Phillips полиэтилен өндірісі зауытын жобалауды бастау туралы келісімге қол қойды

696

​Бүгін "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Chevron Phillips Chemical компаниясының технологиялар және жаңа әзірлемелер жөніндегі вице-президенті Венки Чандрашекар кездесті.

ҚазМұнайГаз және Chevron Phillips полиэтилен өндірісі зауытын жобалауды бастау туралы келісімге қол қойды

Жүздесу барысында тараптар "Атырау облысында интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы – екінші фаза (полиэтилен)" жобасын жүзеге асыру үшін Лицензиялық келісім мен Жобалау туралы шартқа қол қойды.

Аталған шартқа сәйкес MarTECH® ADL технологиясы бойынша полиэтилен өндіретін қондырғыға арналған жобалау құжаттамасы әзірленбек.

Сонымен қатар жылына 625 мың тонна полиэтилен өндіру үшін тиісті лицензия беріледі.

Chevron Phillips Chemical компаниясының технологиясы болашақта қазақстандық зауытта көптеген өнім түрлерін, соның ішінде тығыздығы жоғары премиум сұрыпты полиэтилен шығаруға мүмкіндік береді. Болжам бойынша, өнімнің бұл түрі алдағы уақытта әлемдік нарықта тұрақты әрі ұзақмерзімді сұранысқа ие болады.

Оған қоса, жылына 625 мың тонна полиэтилен шығаруға қауқарлы екінші полимерлеу қондырғысы бойынша басқа лицензиармен келіссөздер аяқталуға жақын. Оған осы жылдың желтоқсан айының ортасына дейін қол қойылады деген жоспар бар.

Осылайша, екі технологиялық қондырғының жалпы қуаттылығы 1 млн 250 мың тоннаны құрап, бірыңғай кешен болып біріктіріледі. Екі жетекші лицензиарды таңдау полиэтиленнің көптеген негізгі және премиум түрлерін шығаруға, сонымен қатар өндіріс пен бәсекелестіктің аса икемді болуына серпін беруі тиіс.

"Біз Chevron Phillips Chemical компаниясымен арадағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Полиэтилен өндіру жобасы бойынша Chevron Phillips Chemical компаниясымен полиэтилен өндіру технологиясының ең оңтайлы конфигурациясы бойынша келісімге келгенімізге қуаныштымын. Осы жұмыс аясында CPChem ағымдағы және болашақ нарық тенденцияларына сай сипаттамалары бар, соның ішінде премиум сапалы полиэтилен өндіріп шығаруды көздейтін технологияны ұсынды", - деді кездесу барысында М. Мырзағалиев.

Тараптар Лицензиялық келісім мен Жобалау туралы шартына қол қойып, базалық жобаны әзірлеуге кіріседі. Мағзұм Мырзағалиев мұны екі жақтың табысты жұмысының алғашқы нәтижесіне балады. Осы құжаттарға қол қою арқылы Қазақстан Республикасында ауқымды "Полиэтилен" жобасының жүзеге асырылуына жол ашылатынын да атап өтті.

Шара аясында мұнай-газ химиясы саласындағы америкалық серіктестерімен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.

Айта кетейік, Chevron Phillips Chemical Company, LLC – штаб-пәтері Техас штатында, Вудлендсте орналасқан мұнай-химия компаниясы. Этилен, пропилен, полиэтилен, полиолефин, хош иісті қоспаларды және басқа да химия заттарын шығаратын ірі кәсіпорын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу