"Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова өзінің жалақысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Әртүрлі пошташылар бар. Мысалы, халық аз тұратын ауылдарда аптасына немесе айына 2 хат келуі мүмкін. Соған сай сол жердегі пошташылар аптасына екі рет бір сағаттан жұмыс істейді. Оларға толық лауазымдық жалақы төлеген дұрыс емес деп ойлаймын, себебі күндіз-түні жұмыс істейтін пошташылар бар. Барлығына бірдей жағдай жасалған. Аптасына екі сағат жұмыс істеген жағдайда тиісінше мөлшерлеме де төмен болады. Пошташылар үшін орташа жалақы 160 мың теңгені құрап отыр", – деді "Қазпошта" басшысы Мәжіліс кулуарында.
Ұлттық пошта операторы төрағасы өзінің жалақысы туралы да пікір білдірді.
"Мен ашық түрде айтайын. Өткен жылы да айттым. 1 млн 200 мың (теңге) аламын. Бұл басқа да ұлттық компаниялардың деңгейінде деп білемін. Себебі оның жасыратыны жоқ. Сіздердің бонус, сыйақы туралы сұрақтарыңыз болады. "Қазпошта" қаражат бойынша 2023 жылы ғана кішкене плюске шықты. Ондай біздің жағдайымыз жоқ. Біз бонус пен премия алмаймыз", – деді Әсел Жанасова тілшілердің сауалына берген жауабында.
Сөзінше, биыл Жаңа жылға орай басқарма төрағасы мен мүшелері ешқандай сыйақы алмайды. Себебі "Қазпоштаның" дағдарысқа қарсы бес жылдық жоспары бар.
"Егер де сол жоспарды орындасақ, онда қарастыратын шығармыз. Менің жағдайым емес, поштаның жағдайы бірінші орында", – деп атап өтті спикер.