Қазпоштаның Алматы қаласындағы орталығында 3D-зертханасы ашылды, деп хабарлайды Қазпошта баспасөз қызметі.
Зертхананы таныстыру шарасына "Қазпошта" АҚ инновация және ақпараттық технология жөніндегі директор Нариман Мұқышев, деректерді басқару департаментінің директоры Бахтияр Мұхаметқалиев, Suleyman Demirel University оқу ісі жөніндегі бірінші проректоры Салтанат Әмірғалиева, компьютерлік ғылым кафедрасының меңгерушісі Мәдина Алиманова, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Мақсат Мұсабеков, корпоративті даму менеджері Махмұт Томанов қатысты.
"3D-баспа – бұл, сөзсіз, қазіргі кезде медицина, құрылыс, жобалау және т.б. салалардағы қарқынды дамып келе жатқан революциялық технология. Қазақстанда бұл технологияны дамытудың маңыздылығын түсіне отырып, біз бүгін 3D-баспа зертханасын Қазпоштада аштық", – дейді Нариман Мұқышев.
Қазпоштаның мәліметіне жүгінсек 3D-зертханасы Suleyman Demirel University-дің қатысуымен ашылды. Университет студенттерінің 3D-зертхана базасында жаңа технологияларды сынап өз жобаларын ақшаға айналдыру мүмкіндігі бар.
Олар виртуалды 3D-модельдердің негізінде 3D-принтердің көмегімен көлемді заттарды басып шығара алады. Жәй қағаз парағын басып шығаратын дәстүрлі принтерге қарағанда, 3D-принтер үш өлшемді ақпаратты көрсетуге, белгілі бір физикалық нысандарды жасауға мүмкіндік береді.
3D-зертхананың негізгі бағыттары:
Қазақ тілінде Брайль шрифтімен кітаптар шығару; кәдесый, брелок, ойыншық, оправа және т.б. заттарды басып шығару; клиенттің 3D-моделін басып шығару.
"Біздің зертхананың қызметтерін еліміздің әрбір азаматы қолдана алады. Ол үшін сайтқа кіріп, қажетті модельдің үлгісін таңдап оны басып шығаруға тапсырыс жіберу қажет. Басып шығарылған модельді Қазпошта қызметкерлері өтінімде көрсетілген мекен-жайға жібереді", – дейді Қазпошта мамандары.
Сайтта көрсетілген үлгілерден басқа 3D-модельдің нұсқасын немесе жай ғана суретті жіберуге болады. Оның негізінде студенттер үш өлшемді моделін құрып тапсырысты орындайды. 3D-модельдің құны клиент тапсырыс берген кезде есептеледі.