Ақпаратқа сәйкес, ҚАЗТЕСТ электрондық сертификатында алушының деректері, жинаған балы, жарамдылық мерзімі және QR-коды көрсетіледі, оны сканерлеу арқылы құжаттың түпнұсқалығын тексеруге болады.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың сөзінше, ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификат қағаз түрінде ғана берілген.
"Енді докторантураға түсушілер, "Болашақ" бағдарламасының үміткерлері және басқалары ҚАЗТЕСТ сертификаттарын электрондық форматта алатын болады. Алайда, жарамдылық мерзімі өтпеген қағаз нұсқадағы сертификаттардың жарамдылығы сақталады", - деді ол.
Сонымен қатар сертификаттық тестілеуге қатысуға өтініштер докторантураға түсушілерден, "Болашақ" бағдарламасының үміткерлерінен, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Президенттік жастар кадр резервіне кандидаттардан және басқа да тілек білдірген жеке тұлғалардан қабылданады.