"ҚазТрансГаз Аймақ" оңтүстіктегі жер сілкінісінен кейін газ желілерінде бүлінулер орын алып жатқанын хабарлады

890

 "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ  мамандары газ желілерінде бақылауды күшейтті.

"ҚазТрансГаз Аймақ" оңтүстіктегі жер сілкінісінен кейін газ желілерінде бүлінулер орын алып жатқанын хабарлады Фото: ҚазТрансГаз Аймақ

"ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ оңтүстіктегі жер сілкінісі салдарынан газ желілерінде апат қаупі туындағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

"Алматы, Талдықорған, Шымкент қалаларын, сондай-ақ Жамбыл және Түркістан облыстарын қамтыған жер сілкінісі салдарынан "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ газ құбырларының жарылуы мен газдың ауаға таралуы сияқты оқиғалардың орын алу қаупі туындауда", - делінген "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ таратқан мәліметте.

Бұл өңірлерде мамандар жер дүмпуі орын алған сәттен бастап газ құбырлары мен жабдықтарын мұқият тексеруде. Жер сілкінісінің алғашқы күні Түркістан облысы Ордабасы ауданы Қайнар елді мекенінде орташа қысымды жерасты газ құбырында газдың ауаға таралып жатқаны анықталған. Салдарынан Ордабасы ауданының 7 елді мекеніне газ беру уақытша тоқтатылып, шұғыл түрде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғындар көп ұзамай көгілдір отынмен қайта қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, жер сілкінісінен кейінгі профилактикалық жұмыс ретінде "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ мамандары "Интергаз Орталық Азия" АҚ әріптестерімен бірлесіп, Алматы өндірістік филиалының газ тасымалдау және тарату жүйелерінің, жерасты газ құдықтарының жағдайын тексерістен өткізген.  

Осындай шұғыл қимылдардың арқасында кеше Алматыда газдың ауаға таралуын жедел анықтайтын "ДЛС-Пергам" мобильді зертханасы орташа қысымды жерасты газ құбырынан газдың ауаға таралып жатқанын анықтаған. Газ құбырындағы ақауды қалпына келтіру үшін 170 жеке үй көгілдір отыннан уақытша ажыратылды. "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ мамандары түні бойы барлық шұғыл жұмыстарды атқарып, таң ата абоненттерге қайтадан газды қоса бастады.

"Ауаға газ тарағаны анықталған жағдайда ақаулы орынды жөндеу үшін сол аумақтағы газ тұтынушылары уақытша "көгілдір отыннан" ажыратылады.  Газдың ескертілмей өшірілуіне, яғни мұндай мәжбүрлі түрде ажыратылуына тұрғындардан түсіністікпен қарауды өтінеміз", - делінген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу