"ҚазТрансГаз" АҚ-ның барлық акциясы "Самұрық-Қазынаға" берілді

1018

Мәміле сомасы – 1 теңге.

"ҚазТрансГаз" АҚ-ның барлық акциясы "Самұрық-Қазынаға" берілді

"ҚазТрансГаз" АҚ-ның 100% акциясы "Самұрық-Қазына" АҚ пайдасына берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz "ҚМГ" баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарашаның 9-да ҚМГ мен қор арасында 2021 жылдың 11 наурызында жасалған сенімгерлік басқару келісімшартының күші жойылды.

ҚТГ акцияларын қорға беру 2020 жылдың 3 маусымында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың төрағалығымен өткен "Самұрық-Қазына" қорын басқару жөніндегі кеңестің тапсырмасын, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2021 жылдың 26 қаңтарында Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген газды барлау, өндіру және тасымалдау жөніндегі ұлттық операторды құру туралы тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылды.

Мәміле жасалмас бұрын бірқатар заңды және қаржылық шарттар орындалғанын, соның ішінде ҚМГ кредиторларының және тиісті мемлекеттік органдардың келісімін алу қажет болғанын атап өткен жөн. Бірінші кезеңде 2020 жылдың қазан айында ҚМГ 750 млн АҚШ доллары сомасына еурооблигацияларды қайта қаржыландырды, бұл ретте жаңа шарт бойынша ҚТГ-ның шығу мүмкіндігі көзделген болатын. Келесі кезең барысында 2021 жылдың маусымында ҚТГ-ның бөлініп шығуына ҚМГ еурооблигацияларының басқа ұстаушыларынан келісім алынды.

Мәміленің жасалуы ҚМГ-ның кредит беруші банктерімен, соның ішінде жекелеген қарыздарды қаржыландыру арқылы келісілген. Атқарылған жұмыс кезеңдерінің бірі ҚР Үкіметінің 2021 жылдың 8 қарашадағы "Стратегиялық объектіні иеліктен шығару туралы" қаулысының қабылданғаны болды. Аталған қаулыға сәйкес "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына ҚТГ-ның 100% акциясы пакетін Қор пайдасына сатып алу-сату келісімшарт жасасу жолымен иеліктен шығару жөніндегі мәмілені жасауға рұқсат берілді.

Қазіргі уақытта ҚМГ-ның барлық кредиторы ҚТГ-ны Қордың жеке еншілес компаниясы етіп шығаруға келісімін берді.

ҚМГ-ның 2021 жылдың тоғыз айындағы шоғырландырылған қаржылық есептілігі ҚТГ-ның қаржылық есептілігін де қамтиды. ҚМГ қарашаның 9-нан бастап ҚТГ туралы деректерді өз есебінде көрсетуді тоқтатады. 2021 жылдың капиталындағы өзгерістер туралы шоғырландырылған есепте КТГ-ны беру туралы мәміленің нәтижесі "акционерге басқа үлестер" ретінде көрсетілетін болады.

Айта кетейік, ҚТГ-ның бөлінуі нәтижесінде ҚМГ қарызы 1,1 млрд АҚШ долларына (берілген кепілдіктерді есептегенде 1,6 млрд долларға) азаяды.

ҚМГ алдағы уақытта да Қазақстанның газ саласын жаңғырту мен әртараптандыру ісіне одан әрі жәрдем көрсетуге ниетті. Осыған байланысты ұлттық компания ҚТГ-мен бұл мәселе бойынша ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөледі.

Еске салсақ, 2002 жылы ұлттық компания құрылғаннан бастап ҚТГ оның құрамында болды. ҚМГ осы уақыт ішінде ҚТГ капиталына ақша мен мүлік түрінде шамамен 143 млрд теңге құйды. Бұл ретте ҚТГ активтері 125 млрд теңгеден 2,5 трлн теңгеге 20 еседен көп өсті, капитал 61 млрд теңгеден 1,6 трлн теңгеге артты, түсім жылына 85 млрд теңгеден 900 млрд теңгеге дейін көбейді. ҚТГ құрылған сәттен бастап Қазақстанда 10 мың шақырымнан аса магистралды газ құбырлары салынып, пайдалануға берілді. Бүгінде ҚТГ 20 мың шақырымнан астам магистралды құбыр жолдарын және 56 мың шақырымнан аса газ тарату желілерін басқарып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу