Ел тұрғындары мен кәсіпорындарына жылу мен қуат жеткізуші "Қазтрансгаз" Ұлттық компаниясы биылғы жылды да елеулі жетістіктермен аяқтап отыр. Тек ішкі нарыққа ғана емес шет елдерге де газ тасымалдап отырған компания отандық үздік 34 брендтің қатарына кірді, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанда небәрі 8 миллиард текше метрге жуық газ өндірілсе, қазір бұл көрсеткіш 45 млрд текше метрден асты. Бұл саладағы ұлттық оператор – ҚазТрансГаз акционерлік қоғамы. Компания 40 мың шақырымнан астам газ құбыры желісі мен 17 мың шақырымнан астам магистральдік құбыр жүйесін озық техника мен заманауи технологиялармен жарақтандырып, Орта Азиядағы газ саласының барысы атанып отыр. Биыл аталған компания үздік брендтер туралы арнайы кітапқа кірді.
"Бүгінгі таңда "ҚазТрансГаз" акционерлік қоғамы елдегі 1,6 млн абонентті немесе 8 миллион адамға газ жеткізіп отырған үлкен компания. Осының барлығы "ҚазТрансГаз" ұжымының ерен еңбегі. Сондықтан бұл компания 34 үздік брендтердің арасына кіріп отыр. Бұл кітап біздің шетелдегі елшіліктерімізге соларға таратылады, содан кейін біздің еліміздегі шет ел елшіліктеріне де таратылады. Сондай-ақ, ЭКСПО көрмесінде таратылады және Amazon.com дүниежүзілік сайты арқылы да таратылады", – деп атап өтті "Қазақстан брендтері" кітабының бас редакторы Лебай Өміржанұлы.
Қазақстан брендтері деп аталатын кітап биыл бірінші рет шықты. Онда үздік брендтердің, яғни отандық компаниялардың 25 жылда жеткен жетістіктері мәтінмен және ақпараттық графикалармен берілген. Кітаптың әзірге 1500 данасы шықты. Экспо көрмесіне қарсы тағы бір партиясы басылады.
Айта кетейік, ҚазТрансГаз компаниясы былтыр Бейнеу-Бозой-Шымкент магистральдік газ құбырын іске қосып, оңтүстік облыстар алғаш рет жылыту маусымын импорттық газсыз өткізген болатын. Ал биыл өте қысқа мерзім ішінде "Ақыртөбе" сығымдау компрессорлық станциясын салып, отандық газды Қытайға экспорттауға жол ашты.