Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әрқайсысы 1060 орындық, жалпы 3180 орынға арналған заманауи үш жатақхана құрылысының іргетасын қалау рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңі аясында салынғалы жатқан жатақханалар 2024 жылдың күзінде аяқталады деп жоспарлануда. Тоғыз қабатты үш жатақхананың жалпы ауданы 49 703,94 шаршы метрді, ал ғимаратты салуға бөлінген аумақ 1,24 гектарды құрайды.
Студенттер үйінің әр қабатында заманауи оқу залдары, демалыс орындары, асхана, кофехана, спортзал, тұрмыстық бөлмелер қарастырылған. 70 шаршы метрлік толыққанды жабдықталған бір бөлме төрт адамға арналған. Оның ішінде үш жатақханада инклюзивті білім беру талаптарын орындау мақсатында мүмкіндігі шектеулі білім алушы жастарға арнайы 132 төсек-орын қарастырылған.