Қазыбек Иса: ШҚО-да 125 Алаш қайраткерінің есімі ұлықталмай жатыр

1348

Мәжіліс депутаты Алаш тақырыбын депутаттық сауал етіп жолдады.

Қазыбек Иса: ШҚО-да 125 Алаш қайраткерінің есімі ұлықталмай жатыр

Депутат Қазыбек Иса тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойын Алаш ардақтыларын ұлықтау арқылы мазмұнды етіп тойлауды ұсынды, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

"Биыл 30 жылдығы тойланатын тәуелсіздік жолындағы күресте Алашорданың алатын орын ерекше. Басты ұраны жерді сатпау, елді сақтау, тілді сақтау болған Алаш арыстарын ұлықтауды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында бастап берді. Алайда "Алаш" десе қарапайым көпшіліктің есіне "Алашорданың" көрнекті көсемдері ғана келеді. Шын мәнінде бұл тізім әлдеқайда ауқымды. Еліміздің түкпір-түкпірінде Алаш ұранын насихаттаған, сол үшін құрбан болған жергілікті қайраткерлердің ерліктері ескерілмей, әлі күнге дейін есімдері белгісіз қалып отыр. Сол себепті 2019 жылы "Алаш" институтымен бірлесіп, бұрын белгісіз болып келген 700-ден астам тұлғаны құрайтын жергілікті Алаш қайраткерлерінің тізімін дайындағанбыз. Әрбір облыс, қала әкімдеріне сол жерге қатысы бар алашшыл азаматтардың тізімі жіберіліп, олардың аттарын көше, мектеп және т.б. нысандарға беруді ұсынған болатынбыз. Алайда алынған жауаптардың бәрі жалтарма сипатта. Алаш мұрасын ұлықтауда бұған дейін де танымал болған жиырма шақты азаматтың есімін атаумен шектелген. Біздің шенеуніктер Алаш идеясын бүкіл қазақты оятатын, елді біріктіретін  ұлттық ұран емес, жекелеген адамдардың көзқарасы ғана  деп көрсеткісі келетін сияқты. Мысалы, біз ШҚО әкімінің өзіне ғана Алаш арманы үшін айқасқан 125 адамның тізімін жібердік. Осы 125 батырдан бір адамның аты ескерлді ме? Жоқ! Ең өкініштісі, осындай жағдай барлық облыстар мен қалаларда қалыптасып отыр", - дейді депутат. 

Мәжіліс өкілі Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтан аталған тізімді әкімдерге қайта көтертіп, тәуелсіздік 30 жылдық тойы қарсаңында ономастикалық картамыздың мазмұнын Алаш қайраткерлерінің есімімен байытуды ұсынды.  

"Мұндай әділетсіздікті біз үлкен саяси қателік деп білеміз. Оған Президенттің жоғарыда аталған мақаласы да дәлел. Сол себептен тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Алаш қайраткерлерінің ардақты есімдерін мәңгілік есте сақтап, ономастикада кеңінен қолдану үшін аталған тізімді Үкіметке жіберіп отырмыз. "Ақжол" фракциясының депутаттары 2019 жылы біз жолдаған тізімді жергілікті әкімдіктерге қайта көтеруді тасырып, Алаш көсемдерімен бірге  мыңдаған жергілікті Алаш қайраткерлерінің қасиетті есімдерін ұлықтау шараларын бақылауға алуыңызды сұрайды", - деді Қазыбек Иса.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу