Қазығұрт ауданындағы "Сапа-2002" серіктестігі құны 275 млн теңге болатын мал бордақылау кешенін салуда. Мұнда салмағы 90-95 келі тартатын қазақтың асыл тұқымды қылшық жүнді құйрықты қойы мен меринос қойы өсірілуде. Осындай игі жұмыстардың барысымен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ауданға жасаған жұмыс сапары кезінде танысып шықты, деп хабарлайды otyrar.kz.
Шаруашылықтың жұмысымен таныстырған серіктестік басшысы Нұржан Әшіров ет экспортын дамытуды қолға алып жатқанын атап өтті. Осы ретте Жансейіт Түймебаев өңдеу өнеркәсібіне көңіл бөлу керегін айтып, малды тірідей сатудан бөлек оның етін терең өңдеп сату мәселесін де қолға алуды ұсынды.
"Түрлі тағамдарға арнайы дайындап, етті шетелге экспорттауға болады. Бұл қай жағынан алып қарасақ та тиімді", - деген өңір басшысы аудан әкіміне кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Бүгінде мұнда 170 миллион теңге игеріліп, 6,5 мың қой сиятын алаңның құрылысы біткен.
"Сапа-2002" ЖШС басшысы Нұржан Әшіровтің айтуынша, бүгінде мұнда 4,5 мың қой бордақыланып жатыр. Алдағы уақытта жылына 1 мың тонна жоғары сапалы қой етін өндіруді мақсат етіп отырған шаруашылық жетекшісі жоба толық аяқталса, бұл кешенде бір мезгілде 10 мың қойды бордақылауға мүмкіндік туатынын айтты.