Түркістан облысында қазығұрттық шаруа мерекеге орай 50 мың дана раушан гүлін сатылымға шығармақ, деп хабарлайды otyrar.kz.
Қазығұрт ауданында 1,5 гектар жерге егілген гүл бағын баптауға жылына 500 тонна қатты отын жағылады екен.
"Әбден үйренген кәсіп. Бұрын Ресей еліне көп жіберетінбіз. Қазір Қазақстаннан да сұраныс көп. Бізге енді газ кіргізіп берсе, дұрыс болар еді. Бұл экологиялық тұрғыдан да тиімді", – дейді кәсіпкер Хамдамиддин Садиров.
"Черная магия" деп аталатын раушан гүл түрі күнгей климатына бейім. Бүгінде көпшілік сұранысына ие бұл гүлдерді баптау қияр мен қызанақ өсіруден әлдеқайда оңай дейді шаруалар. Күн райы қарасса жылына тіпті 5 рет өнім алуға болады екен.
Айта кетейік, қожалық бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Маусым кезінде мұндағы жұмысшылар саны арта түседі. Әрбір қызметкерге 70 мың теңге көлемінде жалақы төленеді екен. Қазығұрттық шаруалар 8– наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында 50 мың дана раушан гүлін сатылымға шығармақ.