Бюджет қаржысын игере алмаған басшыларды әкімшілік жауапқа тарту керек. Осы күнге дейін қазына қаражатын тиімсіз игеру фактілері тым жиі тіркелсе де, Қазақстандық заңнамада "бюджетті тиімсіз жоспарлау және пайдалану" деген анықтама жоқ екен. Сәйкесінше, оны әкімшілік кодекске де енгізу мүмкін емес. Ал аталған ережебұзушылық орын алса, ол үшін басшылар емес, қатардағы мамандар ғана жазаланып келіпті. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне бірігіп, "бюджетті тиімсіз пайдалану" ұғымын бекітуді және оны бірден әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі кодекске енгізуді тапсырды.