Қазақстанда Kcell мен Activ брендтеріне ие "Кселл" АҚ-ы "Beeline Қазақстан" брендіне ие "Кар-Тел" ЖШС-нан қаһарлы хат алды.
Онда Билайнның 2016 жылғы 29 тамызда бекітілген Қазақстандағы желіні бірлесіп пайдалану туралы келісімнің аясындағы ынтымақтастықтың тоқтатылғаны айтылады.
Бұл туралы Қазақстандық қор биржасы хабарлады.
Бұл қадам "Кселл" АҚ-ы акцияларының 75%-ын "Қазақтелеком" АҚ-ының сатып алуымен байланысты болып отыр. Тиісінше, осы құлағдар етуші хат қос алпауыт оператор арасындағы ынтымақтастықтың күшін жояды. Сонымен бірге, бұл Kcell-ді 14,5 миллиард теңге айыппұл төлеуге міндеттейді. Айыппұл сомасы есептесу туралы хабар алынғаннан 30 күнтізбелік күн ішінде төленуге тиіс.
"Тараптар енді келісімнен жұмыс тәртібінде шығу кезеңдерін келісімнен өткізетін болады", – делінген қор хабарламасында.
Айта кету керек, "Beeline Казахстан" мен Kcell-дің бірлескен 4G желісі 2016 жылы еліміздің барлық өңірлерінде іске қосылған болатын. Бұл ретте бәсекелес, бірақ сонымен қатар серіктес қос компания облыстарды өзара жеті-жетіден бөліп алды және соларда LTE желісін өрістетті. Осы желіні олар бірлесе пайдалана бастаған. Бұл қос операторға нарықта "Capex" (капиталды шығындар) бойынша екі есе қаражат үнемдеуге мүмкіндік берген.
"Beeline Казахстан"-ның түсіндіруінше, "уағдаластыққа сәйкес, "Кселл" АҚ-ының бақылаушы акционері өзгерген жағдайда, "Кар-Тел" ЖШС келісімнен шығуға құқылы болыпты". Сонда "Кселл" айыппұл төлеуі керек болған.
Келісімнен шығу арқылы "Кар-Тел" төл желісіне 100% бақылауға қол жеткізеді.