ҚДБ қазақстандық аккумуляторлар экспортын кеңейту жөніндегі операцияларға қаржыландыру ашты, деп хабарайды банктің баспасөз қызметі.
"Қазақстанның Даму банкі" АҚ стартерлік аккумуляторлар өндірісі үшін шикізат сатып алуға, 3 жылға дейінгі мерзіммен 2 млрд теңге сомасына "Қайнар-АКБ" ЖШС-ге кредиттік желі ашты. Экспорт алдындағы қаржыландыру "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде ұсынылды.
"Қайнар-АКБ" ЖШС-ның Алматы облысының Талдықорған қаласында орналасқан қорғасынды-қышқылды автомобиль аккумуляторларын жасайтын зауыты бар. Кәсіпорын жыл сайын 2,5 млн жуық аккумуляторлар шығарады, олардың 60 % астамы Ресейге, Әзірбайжанға, Қырғызстанға, Өзбекстанға, Беларуссияға, Тәжікстанға, Қытайға және БАӘ-ге экспортталады. Банк ұсынған экспорт алдындағы қаржыландыру кәсіпорынға 2020 жылға қарай шетелдік нарықтарға өнім шығаруды жылына 3 млн аккумуляторға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.