ҚДКБҚ депозиттердің жекелеген түрлері бойынша мөлшерлемелердің өзгеретіндігін хабарлады

1233

Валюталық және толықтыруға болатын теңгелік салымдар бойынша мөлшерлемелер төмендетілді.

ҚДКБҚ депозиттердің жекелеген түрлері бойынша мөлшерлемелердің өзгеретіндігін хабарлады

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) 2020 жылдың 26 наурызынан бастап депозиттердің жекелеген түрлері бойынша мөлшерлемелердің өзгеретіндігін хабарлады. Бұл өзгеріс әлемдік және ішкі нарықтардағы орын алған жағдайларға, сондай-ақ Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің өсуіне байланысты енгізілді.

ҚДКБҚ бір жыл және одан жоғары мерзімге арналған, шетел валютасындағы мерзімді және жинақ депозиттер бойынша ұсынылған ең жоғары мөлшерлемелерді 1 пайызға дейін төмендетті. Осылайша қазіргі уақытта шетел валютасындағы депозиттердің барлық түрлері бойынша мөлшерлемелер бірдей деңгейде белгіленді.

"Бұл шара 2020 жылғы 15 наурызда АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесінің негізгі мөлшерлемесінің төмендеуіне және соның ізінше әлемдік нарықтарда шетел валютасындағы табыстылықтардың төмендеп кетуіне байланысты қабылданды. Бұл өз кезегінде шетел валютасындағы депозиттер бойынша мөлшерлемелерді осы депозиттерге қатысты әлемдік мөлшерлемелермен теңдестіруге мүмкіндік береді", – деп жазылған қор ақпаратында

Сонымен қатар қор толықтыру құқығы бар, теңгедегі депозиттердің мына түрлері бойынша ұсынылған ең жоғары мөлшерлемелерді:

  • бір және екі жылға арналған мерзімді депозиттер бойынша тиісінше 10,7% және 10,8%-ға дейін;
  • 3 ай, 6 ай, бір және екі жылға арналған жинақ депозиттер бойынша тиісінше 13,0%, 13,4%, 13,0% және 12,6%-ға дейін;
  • мерзімсіз депозиттер бойынша 12,5%-ға дейін азайтты.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу