ҚДКБҚ депозиттер бойынша ең жоғары мөлшерлемелерді қайта қарады

746

Мамыр айы үшін теңгедегі депозиттер бойынша ұсынылған ең жоғары мөлшерлемелер бекітілді.

ҚДКБҚ депозиттер бойынша ең жоғары мөлшерлемелерді қайта қарады

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) базалық мөлшерлеменің өзгеруін ескере отырып, мамыр айы үшін теңгедегі депозиттер бойынша ұсынылған ең жоғары мөлшерлемелердің бекітілгендігін және депозиттердің жекелеген топтары бойынша мөлшерлемелердің қайта қаралғандығын хабарлады.

Ұлттық банктің 6 сәуірден бастап базалық мөлшерлемені 12 пайыздан 9,5 пайызға дейін төмендету туралы кезектен тыс шешімінен соң, ҚДКБҚ мерзімсіз және қысқа мерзімді депозиттер бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемелерін биылғы жылдың 1 мамырынан бастап төмендетеді.

   Бұл ретте қысқа мерзімді салымдар табыстылығының күрт төмендемеуі үшін және жақын келешекте депозиттердің осы тобы бойынша мөлшерлемелер біртіндеп төмендейтіндіктен, қор төмендетілген базалық мөлшерлемеге қатысты спредті көтерді. Бұған дейінгі ең жоғары мөлшерлемелер наурыз бен сәуірде базалық мөлшерлеменің өскендігін ескере отырып бекітілген болатын.

 

Сонымен теңгедегі мерзімсіз салымдар бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі – 12 пайыз. Толықтыруға болатын, 3 және 6 айлық мерзімді салымдар бойынша мөлшерлемелер – 12 пайызды, ал толықтырылмайтын түрі бойынша – 12,5 пайызды құрады. Осы мерзімдерге арналған, толықтырылатын жинақ депозиттер бойынша мөлшерлемелер – 13 пайыз, ал толықтырылымайтын түрі бойынша – 13,5 пайыз. Жаңартылған мөлшерлемелер салымдарды саралау, яғни жіктеу қағидасына толығымен жауап береді – толықтыруға болатын, қысқа мерзімге арналған депозиттер бойынша мөлшерлемелер осы салымдардың толықтырылмайтын түрі бойынша мөлшерлемелерден 0,5 пайыздық тармаққа төмен.

Толықтырылмайтын жинақ депозиттерді қоспағанда ұзақ мерзімді салымдар бойынша 2020 жылдың мамырына белгіленген мөлшерлемелер өзгерген жоқ. Ал толықтырылмайтын жинақ депозиттердің мөлшерлемелері – 14,7 және 14,8 пайызға дейін төмендетілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу