Кедей және күнкөрісі төмен отбасылардың негізгі бөлігі ауылда тұрады

859

Былтыр қалаға 500 мыңға жуық адам қоныс аударды. 

Кедей және күнкөрісі төмен отбасылардың негізгі бөлігі ауылда тұрады Фото: Серікжан Қобыланбаев

Ауыл халқы қалаға үдере көшіп жатыр. Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев осылай деп дабыл қақты. 

"Жылдан жылға халықтың ауылдық жерден қалаға көшу қарқыны күшейіп жатыр. Былтыр қалаға ауылдан 500 мыңға жуық адам қоныс аударды. Бұрын ауылда бала туу деңгейі қалаға қарағанда жоғары болатын. Соңғы 6 жылда бұл көрсеткіш ауылдық жерлерде төмендеп кетті. 2011 жылы бізде ауыл халқының үлесі 45,4% құраса, қазір бұл көрсеткіш 41,3%-ға тең. Ауыл тұрғындарының экономикалық белсенді бөлігі үлесінің күрт төмендеуі алаңдатады. Соңғы 10 жылда еңбекке қабілетті жастағы адамдар саны 4,1-ден 3,8 млн адамға дейін қысқарды, – деді депутат парламенттік тыңдауда.

Оның сөзінше, статистика бойынша  2019 жылы ауылда жан басына шаққандағы табыс айына – 45 829, қалада – 66 207 теңгені құраған. 

"Біз жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша ауыл тұрғындарының табысын бағалау одан да аз, айына – 35 349 теңге. Айта кету керек, бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші 3,6 млн адамның 2 млн немесе 56,2%-ы ауылда тұрады. Табысы күнкөріс деңгейінен төмен, аз қамтылған отбасылар саны ауылдық жерлерде – 6,6%. Бұл қалаға қарағанда 2,5 есе көп көрсеткіш. Осылайша, еліміздің кедей және күнкөрісі төмен отбасылардың негізгі бөлігі ауылдық елді мекендерде тұрады", –   деді Ақылбек Күрішбаев. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу