Кедейлікпен күрес бағдарламасын қабылдау ұсынылды

1077

Коронавирус пандемиясы салдарынан қазақстандықтардың тұрмысы нашарлаған.  

Кедейлікпен күрес бағдарламасын қабылдау ұсынылды

Елімізде кедей отбасылардың нақты санын анықтап, кедейлікпен күрестің мемлекеттік бағдарламасын немесе жобасын қабылдау керек. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Сенат депутаты Әли Бектаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Сенатордың айтуынша, кей тұрғындар арасында масылдық психологиясы меңдей бастаған.

"Ал масылдық кедейшілікке алып келетін төте жол. Соңғы 5 жылда әлеуметтік шығыстардың 2 есе артуына қарамастан кедейлік шегінен төмен өмір сүріп жатқан халықтың үлесі 2,5%-дан 4%-ға өскен. Ал 2020 жылы СOVID-19 пандемиясы салдарынан жағдай шиеленісе түскен. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, кедей тұрғындардың үлесі 14%-ға жетуі мүмкін", - деді сенатор. 

Әли Бектаев бұл кем дегенде 2,3 млн адам екенін, олардың негізгі бөлігі ауылдарда тұратынын атап өтті.

"Бізде де Қытай мен Өзбекстан сияқты шынында кедей отбасылардың нақты санын анықтап, олардың кедейлік шегінен шығарудың нақты шараларын белгілейтін кедейлікпен күрестің мемлекеттік бағдарламасы немесе жобасы қабылдануы керек. Әсіресе, ауыл тұрғындарының табысын көбейте отырып, халықтың орта табын қалыптастырудың маңызы зор деп есептейміз", - деді депутат.

Сенатор бюджетті қалыптастыру көрсеткіштері мен индикаторларын да қайта қарайтын кез келді деген пікірде.

"Тұрғындарды тұратқы табыс пен азық-түлікпен қамтылуы, тамақ өнімдерінің қолжетімділігі мен бағасының тұрақтылығы және азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі сияқты мақсатты көрсеткіштер мемлекеттік жобалардың негізгі бағыттары болуы керек", - деп түйіндеді сөзін Әли Бектаев.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу