Бұл тетік арқылы кеден бекеттеріндегі жұмыс сапасын жақсарту көзделген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті адамға бағытталған тәсілді енгізу және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта барлық кеден бекеттері мен кедендік ресімдеу орталықтарында (КРО) "қызыл түйме" орнатылды.
"Қызыл түйме" тетігі QR-код арқылы жұмыс істейді. Барлық кеден бекеттерінде Мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы QR-коды орнатылады. Азаматтар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар туындаған мәселе бойынша МКК Төрағасына тікелей жүгіне алады", – делінген Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.
Бұл құрал – кеден қызметтерін алу кезінде туындайтын қиындықтарға жедел әрекет етуге және қызметкерлер тарапынан әдепсіз мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған.
QR-кодты сканерлеген соң, өтінім беру формасын толтыру керек болады. Форма қарапайым әрі түсінікті болғаны себепті бірнеше минутта толтырылады. Азамат қалауы бойынша бұл хабарламаны анонимді түрде жолдай алады.
Хабарлама келіп түскен соң, қысқа мерзімде қаралып, тиісті шаралар қабылданады.