Кеден заңнамасын бұзу тәуекелін азайтатын құжат қабылданды

776

ТМД мемлекеттері кеден қызметінің іс-қимыл тәртібі реттелді.  

Кеден заңнамасын бұзу тәуекелін азайтатын құжат қабылданды

Сенаттың жалпы отырысында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің үкіметтері арасында ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге, жәрдемдесуге әрі өзара көмек көрсетуге бағытталған құжат қабылданды. 
Аталмыш құжат "1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң деп аталады. 

"Бұл келісім ТМД мемлекеттері кеден қызметтерінің өзара іс-қимыл тәртібін реттейтін негізгі халықаралық шарт. Келісімге қол қойылғаннан бері 20 жылдан астам уақыт өтті. Осыған байланысты аталған құжат нормаларын тиісті өзгерістер енгізу жолымен жетілдіру қажет. Хаттама кеден саласындағы ТМД нормативтік-құқықтық базасына жүргізілген түгендеу қорытындысы бойынша ТМД елдерімен бірлесіп әзірленді", – деді қаржы министрінің міндетін атқарушы Берік Шолпанқұлов. 

Оның айтуынша, мәліметтерді беру, сауалдардың мазмұны, сауалды орындау, алынған ақпаратты пайдалану мәселелеріне қатысты бірқатар негізгі баптарға өзгеріс енгізіледі. 

"Заң жобасын қабылдау кедендік шекаралар арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына кеден бақылауын қамтамасыз етуге, ТМД елдері кеден органдарының қызметін үйлестіру мен тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге, кеден заңнамасын бұзу тәуекелдерін барынша азайтуға, сондай-ақ кеден операцияларын жетілдіруге ықпал етеді", – деді Берік Шолпанқұлов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу