Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің "Құрық" кеден бекетінің қызметкерлері құқықбұзушылық іс-әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шекарадан жаяу өткен 62 жастағы Қазақстан азаматы кеден қызметкерлерінің ерекше назарын аударған. Құжаттық бақылаудан соң әйелдің қатты қобалжығаны, баяу қозғалғаны және үнемі іш тұсын қолымен ұстап жүргені байқалған.
Күдік тудырған әрекетке байланысты қосымша тексеру жүргізілген. Кеден қызметкерлері, шекара қызметі, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті және көлік прокуратурасы қызметкерлерінің бірлескен жұмысы нәтижесінде жеке тексеру өткізілген.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, әйелдің денесінен жалпы саны 34 зергерлік бұйым тәркіленген. Олардың қатарында 15 жиынтық (сақина мен сырға), 7 сақина, 3 жұп сырға, бір шынжыр, түрлі үлгідегі 8 білезік болған.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Ведомство өкілдері адамның денесіне жасырып тауар алып өту шекара арқылы заңсыз тасымалдаудың ең қауіпті тәсілдерінің бірі екенін атап өтті. Мұндай әрекеттер кеден заңнамасын бұзумен қатар, құқық бұзушының денсаулығына да елеулі қауіп төндіруі мүмкін.