Кедендік әкімшілендіру: бірыңғай Keden платформасына көшу жұмыстары аяқталып келеді

145

"Бір терезе" қағидаты бойынша электрондық кезек ретке келтірілді.

Кедендік әкімшілендіру: бірыңғай Keden платформасына көшу жұмыстары аяқталып келеді Фото: pixabay.com

Қаржы министрі Мәди Такиев транзиттік декларациялардың едәуір бөлігі автоматты түрге шығарылғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша бірыңғай Keden платформасына көшу жұмыстары аяқталып жатыр. Ол қолданыстағы үш жүйенің орнына, негізгі рәсімдерді автоматтандыруды қамтамасыз етеді. Осы орайда, кедендік транзит, интеграцияланған бақылау және алдын-ала хабарлау сияқты 20 модульдің 16-сы қосылды. Оның ішінде транзиттік декларациялардың едәуір бөлігі автоматты түрге шығарылды. Рәсімдеу уақыты қысқартылды, мысалы, транзит – 30 минуттан 10 минутқа дейін, контейнерлік пойыз – 3 сағаттан 30 минутқа дейін", – деді ведомство басшысы Үкімет отырысында.

"Бір терезе" қағидаты бойынша Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің қызмет түрлері интеграцияланып, электрондық кезек ретке келтірілді.

"Дұрыс емес брондау жойылды, VIN-кодтар бойынша бақылау күшейтілді. Тез бұзылатын тауарларға, қауіпті жүктер мен жануарларға,  сондай-ақ еліміздің экспорты үшін, жекелеген слоттар бөлінді. Сервистер төрт тілге аударылды және "WeChat" мессенджерімен интеграцияланды. Қытай және Өзбекстанмен цифрлық өзара іс-қимылды дамыту жұмыстары жүргізілді, оның ішінде инспекциялық тексеріп-қарау суреттерін өзара тану және "жіксіз транзит" элементтерін енгізу жұмыстары атқарылды. Инспекциялық тексеріп-қарау суреттерін автоматты түрде талдау және сәйкес келмейтіндерді айқындау үшін, жасанды интеллект элементтері енгізілді", – деді Мәди Такиев.

Министр бұл рәсімдердің тиімділігі мен ашықтығын арттырып, адами фактордың араласу тәуекелдерін азайтуды қамтамасыз ететінін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу