Қазақстанда өткізілген кедендік тексерістердің басым бөлігінде заңбұзушылық тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сілтеме жасап.
Комитеттің дерегінше, қаңтар-қазан айларында 830 кедендік тексеріс жүргізілген. Оның 81%-ында заң талаптарының бұзылғаны анықталды.
Соның нәтижесінде:
- 31 млрд теңге көлемінде қосымша төлемдер есептелді,
- 24 млрд теңге өндіріп алынды,
- Былтырмен салыстырғанда қосымша төлем 172%, ал өндіріп алу 266% өскен.
Сонымен қатар мамандар тексеріс барысында 534 әкімшілік іс қозғаған.
Ең жиі кездесетін заңбұзушылықтардың тізімі:
- 40% – кедендік құнды дұрыс көрсетпеу;
- 20% –тауарды қате жіктеу;
- 11% – шектеуі бар тауарларды мақсатсыз пайдалану;
- 9% – уақытша әкелу мен басқа да кедендік рәсімдерді бұзу.
Комитет өкілдері кедендік декларацияда жалған мәлімет көрсету әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Ал төленбеген кедендік төлемдер мен салықтар көлемі 10 000 АЕК-тен асса, онда ҚК-нің 236-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.