Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш ашылды

255

Алматы облысының Кеген ауылында орналасқан балалар өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің есімі беріліп, ескерткіші ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш ашылды Фото: Алматы облысы әкімдігі

Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, танымал тұлғалар мен қайраткердің ұлы Қайрат Нұрқаділов қатысты.

"Бұл ескерткіш – халқымыздың қайраткерге деген шынайы құрметінің белгісі. Ұлт жанашыры ретінде Заманбек Нұрқаділов ел егемендігінің нығаюына елеулі үлес қосты. Осындай тұлғалардың еңбегін ұрпаққа мұра ету – біздің ортақ парызымыз. Сондай-ақ, биіктігі 4,5 метр болатын бұл туындының авторлары Айдос Бүркітбаев пен Тимур Нұрмұхаметовке алғысымызды білдіреміз", – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов.

Шара барысында жиналғандарға Заманбек Нұрқаділовтің өмірі мен қызметі туралы "Не только о себе" атты кітабы таратылды.

Кегендегі балалар өнер мектебі 2015 жылы құрылған. Мұнда балаларға домбыра, қобыз, баян, дәстүрлі ән, эстрада-вокал, хореография, бейнелеу, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер бағыттары бойынша білім береді. Қазір мектепте 44 педагог 890 оқушыға білім беріп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу