2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша"KEGOC" АҚ-ның таза пайдасы 36,1 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Қазақстан Баспасөз-клубында өткен брифинг барысында "KEGOC" АҚ Қаржы және есеп жөніндегі басқарушы директоры Айгүл Әкімбаева мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 24,8%-ға өсті (2022 жылдың 11 айында пайда 29 млрд теңгені құрады). Сонымен қатар, бұл бұрын 31,5 млрд теңге мөлшерінде жоспарланған 2023 жыл ішінде күтілетін таза пайда деңгейінен асып түседі", – деді спикер.
Есептік кезеңде өндірістік және қаржылық көрсеткіштердің тұрақты өсуі байқалады. Мәселен, 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында негізгі қызметтен түскен табыс 220,9 млрд теңгені құрады. 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бұл бағыттағы кірістер 25,8 млрд теңгеге өсті.
"Компанияның түсімі негізінен көрсетілетін қызметтер көлемінің өсуі есебінен ұлғайды. Қазақстан бойынша электр энергиясын тұтыну 2023 жылдың 11 айында 104,0 млрд кВтсағатты құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,1%-ке артық. Электр энергиясын жеткізу бойынша қызметтер көлемі 37,5 млрд кВтсағатты, Ұлттық электр торабын пайдалану қызметі бойынша – 29,0 млрд кВтсағатты құрады", – деді Айгүл Әкімбаева.