"KEGOC" АҚ акцияларына сұраныс ұсыныстан 1,5 есе асып түсті

Компания SPO шеңберінде 15 294 118 жай акцияны ұсынды. 

"KEGOC" АҚ акцияларына сұраныс ұсыныстан 1,5 есе асып түсті Фото: inbusiness.kz

Қайталама орналастыру шеңберінде "KEGOC" АҚ акцияларына сұраныс ұсыныстан 1,5 есеге асып түсті. 

Бұл туралы "Самұрық-Қазына" АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.  2023 жылғы 2 қарашада Астана уақыты бойынша сағат 18:00-де "KEGOC" АҚ акцияларын қайталама орналастыруға (SPO) инвесторлардан өтінімдер қабылдау аяқталды. SPO Қазақстан қор биржасында (KASE) және Астана халықаралық қаржы орталығы (AIX) алаңында өткізіледі. 

Естеріңізге сала кетейік, өтініштерді қабылдау 16 қазанда басталған. "Алдын ала нәтижелер бойынша сұраныс ұсыныстан 1,5 есе асып түсті", - деп жазылған жұма күні тараған мәлімдемеде. Компания SPO шеңберінде 15 294 118 жай акцияны ұсынғанын еске салды. Бір жай акцияның бағасы 1 482 теңге. Акцияларды инвесторларға бөлу 2023 жылдың 7 қарашасында аяқталады. Бірінші кезекте Қазақстан азаматтарының өтініштері, екінші кезекте басқа инвесторлардың өтініштері қаралады. 

Сондай-ақ, бір инвестордағы акциялардың жоғары шоғырлануына әкелетін өтінімдер ішінара қанағаттандырылуы немесе қабылданбауы мүмкін екендігі атап өтілген. "9 қарашада акциялар тиісті инвесторлардың шоттарына аударылады. AIX платформасында қайталама сауда-саттық 2023 жылдың 10 қарашасына басталады деп жоспарланған", - деп хабарлады "Самұрық-Қазына". "KEGOC" АҚ акцияларын бастапқы орналастыру 2014 жылы өтті. Ол кезде компанияның 10% акциясы Қазақстан қор биржасында орналастырылған еді.  

Аталған компания Қазақстанның энергетикалық жүйесінің операторы функцияларын орындайды. Кәсіпорынның балансында ұзындығы 27 мың км-ге жуық кернеуі 220-1150 кВ электр беру желілері және 82 электр қосалқы станциялары бар. "KEGOC" АҚ-ның 90% үлесімен негізгі акционері "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ, 7,25% Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тиесілі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу