Еліміздегі Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы "KEGOC" компаниясы электр желілерін биылғы күзгі-қысқы маусымға дайындап жатыр. Компания қызметкерлері тыңғылықты дайындық үшін ең алдымен әуе электр жеткізу желілерін жөндеуге кіріскен. Сондай-ақ, электр қосалқы станцияларында да қызу жұмыс жүруде.
Биыл желілердегі жоспарлы жөндеу жұмыстары сәуір айында басталды. Бас инженер қазір басқару пульті арқылы ағымдағы жағдайды жіті бақылауға алған. Өйткені, әрбір трасформатор мен желілерді жөндеу үшін оларды алма-кезек өшіріп тұруға тура келеді. Мамандар жөндеу жұмыстар қыркүйек айына дейін жалғасады,- дейді.
"Ұлттық диспетчерлік орталығында жылдық график бар. Ол жылдық график бойынша бізде өшірілімдер болады. Сол өшірілген кезінде біз ремонтын жасап аламыз. Мысалы бүгіндікке Сарыоба деген әуе желісі өшірілген. Сол құрылымдарға қазір жөндеу жұмыстарын өткіземіз", - деді "Ақмола ЖЭТ" филиалының бас инженері Сәкен Қарабалаев.
Биылғы жоспарлы жөндеу жұмыстары 91 жеткізу желілері мен 27 қосалқы станцияларда жүрмек. Сондай-ақ, ғимараттар менқұрылыс нысандарын және автотехникаларды қайта жөндеу жоспарланған.
Қазір әуе электр жеткізу желілерінен бөлек қосалқы станция жабдықтарын да жөндеу қызу жүруде. Ал, апаттық жағдайлардың алдын алу үшін қосалқы бөлшектер мен конструкциялардың және жанар-жағармай материалдарының апаттық қоры құрылған. Желілік бригадалар мамандандырылған техникамен және арнайы құралдармен қамтамасыз етілген дейді мамандар.