Кей министрліктердің ресми сайтпен жұмыс істеуі өз деңгейінде емес

751

Бұл мәселе Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысында қаралды. 

Кей министрліктердің ресми сайтпен жұмыс істеуі өз деңгейінде емес

Мемлекет және қоғам коммуникацияларын дамыту департаментінің директоры Бекзат Рахимов мемлекеттік органдардың ашық деректермен, ресми сайтпен және басқа да ақпараттық ресурстармен жұмыс істеу кезіндегі кемшіліктері туралы баяндады, деп жазды inbusiness.kz.

"1 000-нан астам сайттары бір платформаға біріктірілді. Біз ведомстволардың сайттарындағы ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру бағытында талдау жүргіздік. Мәселен, Үкіметтің қаулысымен "Ашық үкімет" порталында 28 қазаннан бастап деректердің тізімі бекітілген. "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ның мәліметінше, шілде айымен салыстырғанда Денсалық сақтау министрлігі деректерінің өзектілігін 35%-ға артты. Алайда осы Денсалық сақтау министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау облыстары әкімдіктерінің әлі де ашық деректермен жұмыс істеу көрсеткіші өз деңгейінде емес", – деді Бекзат Рахимов.

Сондай-ақ спикер "Ашық үкімет" порталындағы ақпараттың өзектілігі мен деректермен толтыру көрсеткіштері бүгінде 100%-дан төмен мемлекеттік органдарды атады. 

"Денсалық сақтау министрлігі – 80%, Білім және ғылым министрлігі 60%, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі деректерінің ашықтығы мен өзектілігі 66% деңгейінде ғана", – деді Мемлекет және қоғам коммуникацияларын дамыту департаментінің директоры.

Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігіне қатысты айтылған сынға бірінші вице-министр Марат Шоранов жауап берді. Осыған дейін көрсеткіштер 60%-дан аспай келгенін айтқан ол, алдағы уақытта порталдың ведомствоға тиесілі бөлімі 100% өзекті ақпаратпен толықтырылатынын жеткізді.  

"Көрсеткіш жаз айларында 60% болған. Осы уақытқа дейін біз деректердің 40%-ын жүктедік. Тиісті бұйрық шыққаннан кейін көрсеткіш 100%-ға жетеді", – деді вице-министр.

Осы орайда Аида Балаева комиссия мониторинг және бақылау мәселелерінде принципшіл болуы тиіс екенін ескертті. 

"Індет өршіп тұрған кезеңде, әсіресе, денсаулық сақтау саласына қатысты ақпараттар халыққа барынша қолжетімді болуы керек. Бұл мәселені бақылауға алыңыздар", – деді министр. 

Бұдан басқа, министр мемлекеттік органдармен бірлесіп, "Ашық деректердің" халық арасында сұранысқа ие және танымал болуы тұрғысынан бірыңғай тізбені пысықтауды ұсынды.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу