Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жылыту маусымының үздіксіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында министрлік тарапынан автономды қазандықтардың дайындығына мониторинг жүргізіледі. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда 14618 автономды қазандық дайындалды, бұл 98%-ға тең. 6 өңірде нысандардың дайындығы 100%-ға жетті. Төмен көрсеткіш Алматы мен Шымкент қалаларында тіркелді", – деді ведомство басшысы.
Ерсайын Нағаспаев автономды қазандықтарға арналған көмір дайындығы 69% екенін, мазут қоры 88%-ға, дизель отыны 93%-ға дайындалғанын айтты.
"Бүгінгі таңда 10 913 білім беру нысанының 10693-і дайын, бұл 98%. 8 өңірде дайындық көрсеткіші 100%-ға жетті Жоспардан Алматы мен Ақтөбе облыстары қалып отыр. Денсаулық сақтау нысандары бойынша да осындай жағдай қалыптасқан. Бүгінгі таңда дайындық 98%-ға жетті, яғни 5 394 нысанның 5281-і дайын. 6 өңірде дайындық көрсеткіші 100%-ға жетті. Төмен көрсеткіш Шымкент пен Алматы қалаларында байқалып отыр", – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі.
Тұрғын үйлер бойынша жылыту маусымына дайындық жұмыстары 51 391 үйде аяқталды. Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында тұрғын үйлердің дайындық деңгейі төмен екені белгілі болды.