Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Бүгінгі күні, жолдардың сапасы бойынша көп сындар айтылуда. Олардың басым бөлігі жергілікті желіге қатысты. Биыл, 4 мың 200 шақырым жергілікті жолдар жөндеумен қамтылған, оның 3 мың 600 шақырымы жыл соңына дейін аяқталады", – деді министр.
Жалпы, бұл жұмыстарға бюджеттен 384 млрд теңге көзделген, оның тек 81 млрд теңгесі ғана немесе 21 %-ы жергілікті бюджеттен бөлінген.
"Бұл ретте, кейбір аймақтар, оның ішінде жолдардың жай-күйі ең төмен өңірлерде жергілікті бюджеттен мүлдем қаражат қаралмаған. Атап айтсақ, олар Батыс Қазақстан, Қостанай, Абай, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстары. Осы орайда, тиісті әкімдіктер жолдардың нормативтік жағдайын көтеру үшін, жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыруды қарастыруы қажет", – деп нақтылады Қарабаев.