Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отыр – Қасым-Жомарт Тоқаев

190

Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек.  

Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отыр – Қасым-Жомарт Тоқаев Фото: gov.kz

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды. Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін "дәл осы жерде және дәл қазір" қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты.

Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бұл шаруаны ретке келтіруді тапсырды.

"Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу қажет. Әсіресе, халықаралық қаржы институттары қатысатын жобаларға баса назар аудару керек. Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілімен қаржыландырып, толық жүзеге асыратын ауқымды жобалардың тізімін жасауды тапсырамын", - деді Президент.

Мемлекет басшысы биыл мамыр айында "Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы" Жарлыққа қол қойғанын, құжатта көрсетілген талаптар мүлтіксіз орындалуға тиіс екенін жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу