"Кейбір ауданда қайық пен резеңке етік атымен жоқ": Депутат әкімдіктер мен Үкімет жұмысын сынға алды

326

Қазақстанның тең жартысы топан су астында.

"Кейбір ауданда қайық пен резеңке етік атымен жоқ": Депутат әкімдіктер мен Үкімет жұмысын сынға алды Фото: baq.kz

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай су тасқынына байланысты Үкіметке бірқатар ұсыныс тастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазір еліміздің тең жартысы қарғын судың астында қалды. Жылдағы әдет. Көктем келеді, Үкіметтің көп уәдесі көлкіп суға кетеді. "Тасқынға тас-түйін дайынбыз, төтенше жағдай болса, төтеп береміз" делінетін көпірме баяндамалардан көк тиын пайда жоқ", - деді ол Премьер-Министрдің атына жолдаған депсауалында.

Мақсат Толықбай жергілікті әкімдіктер мен Үкіметтің арасында байланыс жоқ екенін мәлімдеді. 

"Топан су мен сел тұрмақ, әлемде цунами мен вулканнан қорғану шараларын қабылдаған елдер бар. Біздің кейбір аудандарда дайын тұруы тиіс қайық пен су етіктің өзі атымен жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігінің нормативі орындалмаған. Әкімдік пен министрліктердің арасында байып-баға жоқ. Екіншіден, су саласында білікті маман тапшы. Бір ғана болжаммен ешнәрсе шешілмейді. Гидролог, гидротехниктердің кешенді жұмысын көрмедік. Яғни, ғалымдарға жағдай жасалмай, ешнәрсе түзелмейді деген сөз", - деп жалғастырды мәжілісмен.


Сөзінше, комиссия шығынды есептеп, үйлер салынғанша кемі 4-5 ай уақыт кетеді. 

"Осы кезде малмен жан бағып отырған ағайын төрт-түлігін тастап қайда барады? Малы өрісте, өздері аудандағы колледжде жайбарақат жатады дейсіз бе? Ертең ел-жұрттың есін шығаратын тағы бір мәселе бар. Алыстағы ауылдарда суға кеткен кейбір үйлердің әлі күнге дейін құжаты жоқ. Қора-қопсысы мен құлағында сырғасы жоқ малдары туралы айтпай-ақ қояйын. Қазақ ауылдағы қорасына қашан құжат рәсімдетіп еді? Оларды қайтеміз? Далада қала ма?", - деп атап өтті депутат.

Халық қалаулысы қауіптің басы қайтты деуге әлі ерте екенін, алда СҚО, Павлодар, ШҚО тұрғанын, Алтайда қар енді ери бастағанын жеткізді. 

"Марқакөл мен Катонқарағайда 2 метр қар жатқанын қаперден шығармаңыздар. Торғай даласын көрдіңіздер. Ел қатынайтын жалғыз күрежолды су алды. Тікұшақ пен үлкен техникалар ғана жүре алады. Сондықтан, осы өңірлерді қажетті азық-түлік, дәрі-дермек, жем-шөп қорымен қамтамасыз етуді жіті назарда ұстау керек", - деді ол.

Депутат Үкіметке бірқатар ұсыныс тастады.

"Біріншіден, Қазақстандағы барлық өзендердің жағасының ерекше су қорғау аумағын 4 шақырымға дейін ұзарту және тұрғын үй салу мен жер бөлу кезінде өзен, көл, су қоймасының жағасынан қашық әрі биік жерлерге қоныстандыру. Екіншіден, ірі және және таулардан ағатын трансшекаралық сулар құйылатын өзендердің қар мен жаңбыр суы қосылғанда тасып кетпеуі үшін жасанды арналар жасау, аса қауіпті аумақтарда су қоймаларын салу, сондай-ақ су соратын дренаждар мен насостарды қайта орналастыру. Үшіншісі – өзен, көлге жақын орналасқан ауылдарды қажетті техника, қайық және арнайы формалармен қамтамасыз ету. Төртіншіден, гидротехник-инженер мамандардын дайындауға көңіл бөлу", - деді ол.

Бұдан бөлек ол ТЖ жарияланған жерлердегі шаруалардың барлық ауылшаруашылық несиелерін төлеуді 3 жылға дейін шегеру мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу