Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қайырымдылық қорларының жұмысы мен есебі ашық жүргізілу керек екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бұл жерде тәуекелдер бар екенін баяғыдан айтып жүрміз. Жалпы мемлекеттік қаражат бойынша да тиісті қорлар бар. Тіпті "Самұрық-Қазынаның" қайырымдылық жұмыстары бойы арнайы қоры бар. Менің ойымша, біз бірінші кезекте квазимемлекеттік ұйымдардың қайырымдылыққа жұмсайтын қаражатын жақсылап тұрып қарауымыз қажет. Менің ұстанымым бюджеттен шығатын қаражат толығымен бақылауда болуы керек. Квазимемлекеттік ұйымдар егер қайырымдылықпен айналысамын десе, ол да жақсы, бірақ мұнда да бірінші кезекте ашық жүргізілуі қажет", – деді депутат Мәжіліс кулуарында.
Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, "Самұрық-Қазына" сияқты ұйымдардан бөлек, бюджеттен тыс әртүрлі қорлар пайда болып кеткен. Депутат Бюджет кодексінің талқылауына осығосы мәселе бойынша тиісті түзетуді бергенін атап өтті.
"Меніңше, мемлекеттің және квазимемлекеттің қайырымдылық жасайтын түрлі қорларын бірінші кезекте есепке алып, олардың жұмысын бақылау керек. Әрине, жалпы тәуекелдер бар. Оларды саралап, дұрыс шешім қабылдауға тиіспіз", – деді ол.
Тілшілер депутаттың халықтан жиналатын ақша бойынша да пікірін білді.
"Қазақстандықтар көмек беруге әрқашан дайын тұрады. Оны жалпы жауып тастап, тек бір қордан ғана жұмыс істете алмаймыз. Бірақ бұл мәселені реттеу маңызды. Өз басым "жауып тастайық", "тыйым салайық" деген шешімдерге сенбеймін. Өйткені тыйыммен көп мәселені шешу мүмкін емес. Сол себепті реттеу керек. Оны қалай реттеу керегін талқылап, оған ғылыми тұрғыдан қарауымыз қажет", – деді халық қалаулысы.
Асхат Аймағамбетов қайырымдылық ұйымдарының жұмысына қоғам тарапынан бақылау болу керек деген пікірде.
"Жұмысы ашық жүргізілуі үшін ережелер болуы керек. (...) Бізде қазір көп қайырымдылық қорлар бар. Олардың жұмысы ашық, айқын. Мен өзім қайырымдылық бойынша тиісті көмек жасағанда бірнеше қорларды білемін. Олардың сайттарына кіріп, есептерін көріп отырмын. Әр тиынның қайда жұмсағанын көруге болады. Сондықтан мен оларға сеніп, өз көмегімді көрсетемін. Кейбір қорларға күмән көп. Сол себепті олар арқылы қайырымдылық жасамаймын. Бұл қордың бар екені туралы шын мәнінде менде ақпарат болған жоқ", – деді ол.
Мәжіліс депутаты жақында ұсталған блогер Перизат Қайраттың қоры туралы ақпараты аз екенін айтты.
"Баяғыдан келе жатқан тарихы бар қорларды білемін. Мысалы, Аружан Саинның және т.б. қорлар. Ал бұл қор туралы менде мағлұмат болған жоқ", – деп қысқа қайырды Асхат Аймағамбетов.