Кейбір мақсатты төлемдер мемлекеттік бюджетке жетпей жатыр – сенатор

199

Оларды жекеменшік немесе квазимемлекеттік ұйымдар жинайды.  

Кейбір мақсатты төлемдер мемлекеттік бюджетке жетпей жатыр – сенатор Фото: gov.kz

Сенатор Нурия Ниязова парафискалдық төлемдерден алынатын қаражатты мемлекеттік бюджетке беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бюджет кодексіне сәйкес, кейбір мақсатты төлемдер, яғни міндетті түрде төленетін төлемдер бәсекелестік ортаға беріліп, оларды мемлекеттік емес, жекеменшік немесе квазимемлекеттік ұйымдар алады. Мұндай төлемдер парафискалдық төлемдер деп аталады. Мәселен, автомобиль жолдарын пайдалану бойынша төлемді – "ҚазАвтоЖол", тауардың шығу тегі туралы сертификат беруге қатысты төлемді – "Атамекен", утиль алымдарын  "Жасыл Даму" компаниялары жинайды. Бұл төлемдердің қаржылық көрсеткіштері айтарлықтай көп. Тек "ҚазАвтоЖол" автомобиль жолдарының пайдаланылғаны үшін 2024 жылы 52,9 млрд теңге жинаса, ал биылғы 10 айда бұл көрсеткіш 79 млрд теңгеге жеткен. Бюджет тапшылығын ескерсек, бұл қаражатты мемлекеттік бюджетке беру мәселесі неге көтерілмейді?" – деп сұрады сенатор Нурия Ниязова.

Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлының айтуынша, алдағы кезеңдегі бюджетті қалыптастыру кезінде осы түсімдердің бәрі ескерілген.

"Біз шығындарды жоспарлаған кезде жалпы қолдағы бар ресурсқа сүйенеміз, оның ішінде парафискалдық төлемдерді жинайтын ұйымдар да бар. Бірақ жаңа Бюджет кодексінің енгізілуіне байланысты 2026 жылдан бастап осы парафискалдық төлемдерге жыл сайын анализ жасау міндеттемесі бар. Бұл талдауды Ұлттық экономика министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесе отырып жүргізетін болады. (...) Аталған бағыттағы жұмыс келесі жылдан бастап жүргізіледі", – деп жауап берді вице-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу