Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова келесі жылдан бастап емхана жүйесінде жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысы көтерілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде кадрлық әлеуетті нығайту және медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесіндегі жұмыстың тартымдылығын арттыру мақсатында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік қызмет мамандарына сараланған қосымша ақы белгілеу ұсынылады. Қосымша ақы үздіксіз еңбек өтілі мен психоэмоционалдық жүктемеге байланысты төленетін болады. Осылайша, емхана жүйесінде жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысы үздіксіз еңбек өтілін ескере отырып 40%-ға дейін ұлғаяды", – деді Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында.
Оның сөзінше, бұл шара 77 мыңнан астам медициналық қызметкерлерді қамтиды.
"2027-2029 жылдарға қосымша қажеттілік жыл сайын шамамен 137 млрд теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджет есебінен – 34 млрд теңге, МӘМС есебінен – 103 млрд теңге. Еңбекақыны арттыру алғашқы буын медицина қызметкерлерінің тапшылығын азайтуға, сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша медициналық көмектің қолжетімді, уақтылы және сапалы алуына оң ықпал етеді", – деп атап өтті министр.