Қостанай облысы, Амангелді ауданында қазақтың әйгілі батыры Кейкі Көкембайұлының кесенесі бой көтеріп, сүйегін жерлеу рәсімі өтті, деп хабарлайды egemen.kz.
Сүйекті жер қойнына тапсыру рəсіміне Мемлекеттік хатшы Гүлшара Əбдіқалықова, Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Венгрияның Қазақстандағы елшісі Барани Андраш, ҚР Парламенті депутаты Қуаныш Сұлтанов, жазушы Сəбит Досанов, қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев және өзге де ақын-жазушы, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шараның ашылуында сөз алған Қостанай облысының əкімі Архимед Мұхамбетов: "Міне, үкіметтің келісімімен батыр сүйегін салтанатты түрде жерлеу рәсімін ұйымдастырып отырмыз. Кейкі батырдың тарихтағы орны ерекше. Жаңа мемориалдық кешеннің құрылысы бойынша барлық жұмыстар белгіленген уақытта аяқталды. Мынадай сəулетті кесене бабаларымыз басып өткен ізден дерек беріп, жастарымыздың отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға септігін тигізеді деп ойлаймыз", - деді.
Сондай-ақ, Сəбит Досанов бастаған қаламгерлер сөз алып, өткенді еске алмай келешек жоқтығын, ұлтына еңбегі сіңген қаһарман перзенттердің қашанда жоқтаусыз қалмайтынын айтты.