Қарағанды-Қарқаралы жолының 74 шақырымы жөнделеді

797

Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарқаралы ауданының тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді, деп жазады Inbusiness.kz.  

 Қарағанды-Қарқаралы жолының 74 шақырымы жөнделеді Фото: gov.kz

Халық көтерген мәселелердің қатарында әлеуметтік нысандарды жөндеу, жолдар мен интернеттің қанағаттанарлықсыз сапасы, тұрғын үй-коммуналдық салаға қатысты сұрақтар болды.

Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын ауданның үш жылға арналған даму жоспары бекітілгенін баяндады. Онда барлық салалар бойынша сұрақтар ескерілді.

"Ауыл – Ел бесігі" жобасы бойынша Егіндібұлақ ауылында Мәдениет үйі жөнделді, кентішілік жолдарға орташа жөндеу жүргізілді, 100 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды.

"Жалпы Егіндібұлақты абаттандыруға 2020–2022 жылдары шамамен 2 млрд теңге бөлінді. Біз тоқтамауымыз керек, тұрғындарды әлеуметтік қолдау бойынша кешенді жұмыстар жүргізуді жалғастыруымыз керек. Сіздер "Ауыл – Ел бесігі" бағдарламасы тоқтатыла ма деп сұрайсыздар. Президент ауылды дамыту бірінші кезектегі міндет екенін айтты. Сондықтан бағдарлама жалғасады. Оның арқасында өзгеретін жаңа нысандарды жоспарға енгіздік", – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Аудан билігі тұрғындардың 91% орталық сумен қамтуды жоспарлап отыр. Биылғы басты жобасы – Жарлы – Қарқаралы топтық су жүйесінің құрылысы басталды. Ол 2023 жылы жалғасады. Аудан басшысы жол жөндеу жұмыстары аяқталатынына сендірді.

"Сондай-ақ, Қарағандыдан Қарқаралыға дейінгі 197–207 км жол учаскесінде республикалық маңызы бар 10 км жолды жөндеу аяқталды. Келесі жылы Матақ ауылына дейін қалған 74 км және Бүркітті-Бақты бағытында 16 км орташа жөндеу жүргізу жоспарлануда. Жалпы - 90 км. 2023 жылы Қарқаралы – Ақжол бағыты бойынша 29 км жөндеу жоспарлануда. Айрық пен Егіндібұлақ арасындағы жолды асфальттау жұмыстары басталды", – деді Ерлан Құсайын.

Кездесу соңында Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу