2019-шы жылдан бастап мектеп алды даярлығы міндетті түрде бес жастан басталады. Балаларды мектепте де, балабақшада да дайындай бастайды. Ол жайында Қарағанды облысының білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, ата-аналар арасында бес жастан бастап баланы мектепке беру өте ерте деген пікірлер бар.
"Мен статистикадан бір мәліметтер келтірейін деген едім: Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының құрамына енетін 35 елдің 29-да балалардың мектеп алды даярлығы тіпті үш жастан басталады. Мұның негізі бар. Колумбиялық университеттің зерттеулеріне сүйенсек, ерте дамыту бағдарламасынан өткен балалар басқаларға қарағанда қылмыстық әрекетке аз барады, өмірде анағұрлым табыстырақ болады", - деп түсіндірді облыстық білім басқармасының жетекшісі.
Ол сонымен қатар қазіргі таңда оқушыларды жаңартылған білім бойынша оқытатынын еске салды. Жаңа оқулықтаға толығымен 1, 2, 5 және 7 сынып оқушылары көшкен. 2018-ші жылы жаңартулар 3, 6 және 8 сынып оқушыларына қатысты өткізіледі.