Келер жылдан бастап зейнетақы активтерін басқару тәртібі өзгереді

249

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Келер жылдан бастап зейнетақы активтерін басқару тәртібі өзгереді Фото: canva

Агенттік 2025 жылғы 16 қазанда "Бағалы қағаздар нарығы және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша кейбір нормативтік актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" №67 қаулыны қабылдаған.

Құжатқа сәйкес, басқарушы компаниялардың қызметі енді композиттік индекстер (бенчмарктар) негізінде бағаланатын болады. Бұл индекстер қазақстандық және халықаралық қор нарықтарының көрсеткіштерін қамтиды.

"Жаңа әдіс жаһандық экономикалық үрдістерді ескере отырып, басқару тиімділігін неғұрлым объективті бағалауға мүмкіндік береді", – делінген агенттік хабарламасында.

Сонымен қатар, басқарушы компанияларға тәуекел деңгейі мен кірістілігі бойынша ерекшеленетін әртүрлі инвестициялық стратегиялар ұсыну құқығы беріледі.

Бұл салымшыларға өздерінің қаржылық мақсаттары мен тәуекелге бейімділігіне сай стратегияны таңдауға мүмкіндік береді.

Қаулыға сәйкес, инвестициялауға қолжетімді қаржы құралдарының тізімі кеңейтіліп, әр стратегияға жеке лимиттер бекітіледі. Бұл басқарушыларға портфельді әртараптандыруға және тәуекелді азайтуға жағдай жасайды.

Сонымен бірге, салымшыларға зейнетақы активтерін Ұлттық банк басқаруына ерікті түрде қайтару мүмкіндігі де қарастырылған.

"Қабылданған шаралар зейнетақы активтерінің ұзақ мерзімді кірістілігін арттырып, нарықтағы ашықтық пен бәсекелестікті күшейтеді. Бұл өз кезегінде зейнетақы қаражатын тиімдірек инвестициялауға ықпал етеді", – деп атап өтті агенттік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу