Келер жылы 17 заң жобасын әзірлеу көзделіп отыр

911

Әзірленетін заң жобалары түрлі салаларды одан әрі дамытуға бағытталған.

Келер жылы 17 заң жобасын әзірлеу көзделіп отыр

Әділет министрі Марат Бекетаев Үкімет отырысында заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспар жобасы туралы айтты, деп хабарлайды primeminister.kz.

Министрдің айтуынша, Жоспар жобасы 17 заң жобасын әзірлеуді көздейді. Әзірленетін заң жобалары түрлі салаларды одан әрі дамытуға бағытталған. Мысалы, әлеуметтік қамсыздандыру, дене шынықтыру және спорт, әскери қызмет және арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары т.б.

Алдағы жылы "Ерекше тауарларды бақылау туралы", "Өсімдіктер әлемі туралы" және "Ардагерлер туралы" жаңа жекелеген заң жобаларын әзіреу көзделіп отыр.

Жоспар жобасында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын, сондай-ақ Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бағытталған бірқатар заң жобасы көзделген. Олар –  мемлекеттік сатып алулар, дене шынықтыру және спорт, аудандық, қалалық және ауылдық деңгейдегі биліктің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша заң жобалары.

Мысалы, мемлекеттік сатып алулар мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеу сатып алу рәсімдерін оңайлату және өткізу рәсімдерінде артық реттеуді жою нәтижесінде мемлекеттік сатып алуларды тиімді өткізуге ықпал ететін болады. Әзірленетін заң жобаладың ең көбі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиесілі, әрқайсысы 3 заң жобасынан әзірлейді.

Қаржы, ұлттық экономика, сыртқы істер, мәдениет және спорт, геология және табиғи ресурстар, министрліктері екі заң жобасынан әзірлейтін болады. Қорғаныс министрлігі бір заң жобасын әзірлейді.

Министр атап өткендей, заң жобаларын Парламентке ұсыну мерзімдері біркелкілік жағына қарай қайта қаралды.

Осылайша, Жоспар жобасында қарастырылған 17 заң жобасынан 2020 жылдың І жарты жылдығында Парламентке 8 заң жобасын, ал ІІ жарты жылдықта 9 заң жобасын енгізу көзделген.

Жоспар жобасы барлық мемлекеттік органдармен және Президент Әкімшілігімен келісілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу