Келер жылы ел бюджетінің 38 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалады

197

Әлеуметтік салаға ел бюджетінен 9,8 трлн теңге, өңірлерді қолдауға 7,5 трлн теңге бөлінбек. 

Келер жылы ел бюджетінің 38 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалады Фото: pixabay.com

Қаржы министрі Мәди Такиев Сенаттың жалпы отырысында "2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжат еліміздің 2029 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленген. 

"2025 жылға түсімдер осы жылмен салыстырғанда 1,2 трлн теңгеге ұлғая отырып 21,7 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. 2025 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7% деңгейінде болжануда, ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,9%-ға дейін төмендейді. Бюджеттің 2025 жылға арналған шығыстары түсімдер мен тапшылықты ескере отырып, 25,8 трлн теңгені құрайды, яғни осы жылмен салыстырғанда 1,7 трлн теңгеге ұлғайып отыр",  – деді Қаржы министрі Мәди Такиев.

Сенатта заң жобасын талқылау барысында бірқатар ұсыныстар енгізілді. Аталған түзетулерді ескере отырып бюджет шығыстарының негізгі бағыттары қалыптасты. 

"Бюджет өткен жылдардағыдай әлеуметтік бағдарланған болып қала береді. 2025 жылы әлеуметтік саланың шығыстары осы жылға қарағанда 871 млрд теңгеге ұлғайып, 9,8 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Оның бюджет шығыстарындағы үлесі 38%-ды құрайтын болады. Нақтырақ тоқталып өтсек, әлеуметтік қамтамасыз ету және азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуге арналған шығыстар – индекстеу мен төлемдерді алушылар санының ұлғаюын ескере отырып, 6 трлн теңге сомасында қарастырылған. 2025 жылы білім беруді дамытуға қатысты шығыстар көлемі 1 трлн теңгеге жетті. Денсаулық сақтау жүйесіне 2025-2027 жылдарға арналған шығыстар 7,6 трлн теңгені көлемінде жоспарланған, оның ішінде биылмен салыстырғанда 188 млрд теңгеге ұлғайып, 2025 жылға 2,5 трлн теңге қарастырылған",  – деді ведомство басшысы Сенаттың жалпы отырысында.

Сөзінше, 2025 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне 1,6 трлн теңге сомасында шығыстар жоспарланған. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына – 675 млрд теңге, оның ішінде мемлекеттік жарналарға 668 млрд теңге көзделген. Мәди Такиев келесі жылы туризм мен спортты дамытуға республикалық бюджеттен – 141 млрд теңге, мәдениет пен ақпаратты дамытуға 165 млрд теңге қарастырылғанын айтты. 

"Өңірлерді қолдау бойынша келесі жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 7,5 трлн теңге бөлінеді. Бұл сома биылға қарағанда 452 млрд теңгеге артық. Ол бюджеттің жалпы шығыстарының шамамен 30%-ын құрайды", – деді Қаржы министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу