Келер жылы Павлодар облысына оңтүстіктен 50 отбасы қоныс аударады

1585

Келер жылы Павлодар облысына оңтүстіктен 50 отбасы қоныс аударады

Павлодар облысына ішкі көші-қон саясаты бойынша оңтүстік өңірден 50 отбасы көшіп келеді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты көші-қон бөлімінің бас маманы Мұхит Жақсылықұлының сөзінше, биыл өңірге алғаш рет ішкі көші-қон саясаты бойынша оңтүстік өңірден сегіз отбасы көшіп келген. Олар Шарбақты, Павлодар, Ертіс және Баянауыл аудандарына қоныстанып, еңбек етуде. Сонымен қатар, "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасы аясында жол шығынын өтеу субсидиясы берілді. Яғни, үйдің отағасы 50 айлық есептік көрсеткіш және басқа мүшелері 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы алады. Алайда, олардың бір де біреуіне мемлекет тарапынан баспана ұсынылмаған. Қазіргі таңда жартысы жұмыс берушілер тарапынан берілетін қызметтік пәтерді паналаса, кейбіреуі үй жалдап тұруда.

"Жақында біздің басқарма басшысы Оңтүстік Қазақстан облысына, бөлім басшысы Қызылорда облысына барып, халықпен кездесті. Сонда оңтүстіктен солтүстікке көшіп келіп, жұмыс істегісі келетіндердің қатары өте көп екені байқалды. Мәселен, Шымкенттен 200 және Қызылордадан 300-дей отбасы осы аймаққа қоныс аударуға ниет білдірген. Бірақ, бұған баспана мәселесі қолбайлау болып отыр. Егер де мемлекет тарапынан үй берілсе не болмаса үй сатып алуға жететіндей қаражат бөлінетін болса, біздің өңірде жеткіліксіз мамандардың көбін сол жақтан шақыртуға болар еді. Ол үшін мемлекет баспанамен қамту мәселесін шешу керек", – дейді Мұхит Жақсылықұлы.

Маманның айтуынша, ішкі-көші қон саясатын одан ары жетілдіріп, қоныс аударушыларға баспана беру мәселесін ретке келтіру үшін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне облыс әкімдігі тарапынан хат жолданған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу