Қазіргі уақытта заманауи кварталды жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің мәліметінше, Петропавлдағы жаңа кварталдың құрылысына 2 га аумақ бөлінген.
Мұндай жоба облыс орталығында бұрын-соңды қолға алынбаған. 18 қабатты 9 тұрғын үйдің құрылысын түрік компаниясы жүргізбек.
Ғимараттарда бизнеске арналған үй-жайлар, жер асты паркингі, ыңғайлы ауласы болады. Қазіргі уақытта жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Келер жылы сондай-ақ Жамбыл көшесінде тұрған "сақалды" құрылыс қолға алынбақ.
Сауда үйі, жер асты паркингі және 4 тұрғын үй блоктан тұратын 14 қабатты бұл ғимарат Петропавлдың көрікті нысандарының біріне айналмақ.
Өңірде соңғы жылдары 10 қабаттан асатын баспаналарға басымдық беріліп келеді. Мәселен 2023 жылы Ж. Қизатов көшесінде 485 пәтерлік 15 және 21 қабатты каскадты екі тұрғын үй салынбақ.
Жеке тұрғын үй құрылысы да назардан тыс қалмайды.
Баспана салуға жерге кезекке тұрғандарға 3 мың дайын учаске беріледі. Ол жерлерге барлық инженерлік желі тартылады.
Мәселен "Южный" шағын ауданында 973 жер учаскесіне 41 шақырымдық су желісі тартылса, келер жылы аудан электр желісін тарту жобасы қолға алынады.
Жалпы Петропавл бойынша 12 мыңға жуық адам жер учаскесіне кезекте тұр.