Сенатор Руслан Рүстемов 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан "Келешек мектептері" ұлттық жобасына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бізді 2026-2028 жылдардағы бұл мектептерді қаржыландыруға қатысты сұрақ алаңдатады. Мәселен, жергілікті атқарушы органдардан аталған мектептерді алдағы үш жылда ұстап тұруға, оның ішінде мұғалімдердің жалақысын және басқа да шығындар бар, 1 трлн 268 млрд теңге сомасында өтінім жасалған. Алайда бұл қажеттілік қаралып отырған үш жылдық кезеңге қарастырылған жалпы сипаттағы трансферттерге енгізілмеген. Алдағы үш жылда бұл оқу орындары толыққанды қаржыландырылмаса, "Келешек мектептері" ұлттық жобасының мақсаттарына қалай қол жеткіземіз? Не себепті қаржылық өтінім қолдау таппады?", – деп сұрады сенатор.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәліметінше, 217 мектептің 181-інің құрылысы аяқталған.
"Сіз айтқан мәселе өте өзекті, бірақ бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар мен Ұлттық экономика министрлігімен бұл мәселе шешімін тауып жатыр. Біздің министрлік тарапынан бүгінде Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы білім мазмұнын жасақтауға байланысты негізгі құрылым ретінде айқындалып отыр. Стандарттары бекітіліп, жұмыс әдістемелік тұрғыдан жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек аталған мектептерде 14 мың мұғалім жұмыс істейді, олардың біліктілігін арттыруға байланысты "Өрлеу" ұлттық біліктілік орталығы аясында жұмыс жасалынып жатыр", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Қазіргі таңда талдау орталығымен балалардың білімін зерделеуге байланысты жұмыстар басталғаны да айтылды.
"Айлыққа және күтіп-ұстауға байланысты бұл мектептер бұған дейін де авариялық, яғни апатты мектептердің орнына салынған. Бұл мектептердің қаражаты жергілікті атқарушы органдардың бюджетінде бар. Бұл бірінші мәселе. Екіншіден, жалақыға байланысты алаңдататын мәселе жоқ. Өйткені бұл мұғалімдер бұған дейін де білім саласындағы мектептерде жұмыс істеді. Сондықтан да аталған қаражат жергілікті әкімдіктердің бюджетінде қарастырылған", – деді министр.