Келешекте Астанада су тапшылығы бола ма: Вице-министр жауап берді

274

Құзырлы министрлік елорда бұл мәселемен бетпе-бет келмейді деп отыр. 

Келешекте Астанада су тапшылығы бола ма: Вице-министр жауап берді Фото: El.kz

Мәжіліс депутаты Павел Казанцев Астананы сумен қамту мәселесі қалай шешілетінін айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәжіліс депутаты Павел Казанцев елордадағы су қоймасы 1969 жылы салынғанын баса айтты. Сөзінше, бас қаладағы жалғыз су көзі 500 мың адамға шақталған. 

"Астананы сумен қамту мәселесі қалай шешілетін болады?", - деп сұрады Павел Казанцев.

Бұл сауалға Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов жауап берді.

"Өздеріңізге белгілі, осыдан екі жыл бұрын жаз мезгілінде елорданың жекелеген аудандарында су тапшылығы болды. Алайда тиісті шаралар қабылданып, 2023 жылдың аяғында №3 сорғы-сүзгі стансасы пайдалануға берілді. Суды тәуліктік тұтыну – 350 мың текше метр. Үш сорғы-сүзгі стансасының қуаты – 410 мың текше метр. Яғни, қазіргі таңда елордада су тапшылығы жоқ. Бірақ та, сумен қамтудың резервтік көздері бойынша бірнеше жоба қарастырылып жатыр. Оның біріншісі – №4 сорғы-сүзгі стансасының құрылысы және Қаныш Сәтпаев каналынан су жүргізетін жобаны салу. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл тұрғындарды тәулігіне 200 мың текше метр ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Екінші жоба – Нұра жер асты суларынан су каналын салу. Ол бойынша тәулігіне қосымша 380 мың текше метр су келеді деп күтіліп отыр. Жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын", - деді вице-министр.

Сөзінше, бұлардан өзге тағы бір жоба қарастырылып жатыр.

"Бұл Тельман сорғы стансасынан техникалық су жүргізетін жобаның құрылысы. Жобаның құны – 17,6 млрд теңге. Биыл жергілікті бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінді. Бұл жобалар келешекте Астананың қарқынды дамуын ескере отырып, оны сумен қамтуға мүмкіндік береді", - деді Қуандық Қажкенов.

Айта кету керек, осыған дейін Қазақстанда 7 мың шақырым ирригациялық канал жаңғыртылатынын жазғанбыз. Батыс Қазақстандағы Қазталов ауданы суды Ресейден алып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу