Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев елімізде АЭС салынуы мүмкін жаңа аймақты атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазір біз кемінде үш, ал болашақта төрт атом электр станциясын салу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Біріншіден, бұл Балқаш аймағы, Курчатов қаласы, сондай-ақ энергетикалық нысандарды пайдалану тәжірибесі бар Батыс Қазақстан облысы. Бұдан бөлек зерттеліп жатқан басқа да алаңдар бар. Соның ішінде энергия теңгерімін ескере отырып, Қостанай да алдағы 20-30 жылда АЭС салынуы мүмкін өңірлердің біріне айналуы ықтимал", – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Агенттік басшысы екінші АЭС те Балқаш көлінің маңында салынатынын еске салды. Оның сөзінше, бұл АЭС-тің жұмыс атауы белгіленген.
"Ол Мойынқұм АЭС-і деп аталады. Орналасуына байланысты әрқайсысы 1200 МВт болатын 2 блоктан тұрады деген жоспар бар. Серіктестермен бірге әлеуетті компанияны анықтау бойынша келіссөз жүріп жатыр", - деді Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы.